Соңғы жылдары Yenlik есімі жиі атала бастады. Оның әндері миллиондаған тыңдалым жинап, шығармашылығы Қазақстаннан тыс аудиторияға да жетті. Бірақ оның жетістігі тек танымал тректермен шектелмейді. Yenlik тыңдарманды несімен баурап алды?
🎙️Өзіндік стиль
Yenlik хип-хоп, R&B және дәстүрлі қазақ әуендерін еркін үйлестіреді. Бір әнінде рэп оқыса, келесісінде нәзік вокалымен таңғалдырады. Ал мәтіндерінде қарапайым сезімдермен қатар қазақ әдебиетіне, ұлттық танымға сілтемелер кездеседі.
Мысалы, Bir kem dunie әніндегі Мұхтар Әуезовтің «Көксерегін» еске түсіретін жолдар оның шығармашылығына басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді.
Әрине, мұндай стильдің қалыптасуына саунд-продюсер DLN-нің де үлесі зор. Оның биттері мен Yenlik-тің орындау мәнері бір-бірін толықтырып, ерекше дыбыс қалыптастырды.
🎵Таныс әннің жаңа нұсқасы
Yenlik-тің тағы бір қырын «Мен деп ойла» әнінің каверінен байқауға болады. Көпшілікке бұрыннан таныс ән оның орындауында мүлде басқаша естіледі. Yenlik әннің бастапқы көңіл күйін сақтай отырып, оған өзіне тән мәнер қосты. Нәтижесінде көпшілік білетін туынды жаңа сипат алды.
Бұл кавер оның тек хип-хоп пен R&B бағытында ғана емес, лирикалық әндерді де жақсы орындай алатынын көрсетті.
🌍Қазақстаннан әлемдік сахнаға
2025 жылы Yenlik өзінің алғашқы BIPL альбомын шығарды. Жинақтағы Meili мен 16 Qyz әндері TikTok пен Instagram желілерінде кең тарап, хитке айналды. Әсіресе Meili миллиондаған қаралым жинап, әншінің танымалдығын арттырды.
Ал 2026 жылдың қаңтарында Yenlik халықаралық COLORS жобасына қатысқан алғашқы қазақстандық орындаушы атанды. Әлемнің әр түкпірінен талантты музыканттарды таныстыратын бұл алаңда ол қазақ тілінде Bipl әнін орындады.
Бұл Yenlik үшін маңызды қадам болды. Оның шығармашылығына енді шетелдік тыңдармандар да назар аудара бастады.
Ең қызығы әлі алда
Yenlik-тің жетістігі тек хит әндер мен миллиондаған тыңдалымнан тұрмайды. Ол қазақ тіліндегі заманауи әндердің Қазақстаннан тыс жерде де өз тыңдарманын таба алатынын көрсетіп жүр.
Оның шығармашылығы әлі де дамып келеді. Жаңа әндер, түрлі музыкалық тәжірибелер мен халықаралық сахнаға алғашқы қадамдар — мұның бәрі Yenlik-тің әлеуеті әлі толық ашылмағанын аңғартады.
Бәлкім, біз қазір оның шығармашылық жолындағы ең қызық кезеңнің басталуын ғана көріп отырған шығармыз.
@thehasper